Сөз тапқанға қолқа жоқ
Сөз тапқанға қолқа жоқ

"Жүрген соң бауырында күнде көріп,

Таулардың биіктігі  байқалмайды" - дегендей марқұм Рахманберді бабамыздың көзі тірісінде айтқан ақыл-кеңес, әңгімелеріне мән бере бермеппіз. Кештеу түсініппіз, тұнып тұрған шежіре, тірі аңыз екен ғой, жарықтық... Сексеннің сеңгірінен асып, дүниеден өткен ақсақалдың тағы бір қасиеті- әңгімені өте шебер айтатын.  Басынын өткен небір оқиғалары - өз алдына бір төбе. Соның барлығы тек халық ауызында ғана қала беріпті, хатқа түспепті. Жинақтаса бір кітап болар ма еді...

Сондай оқиғалардан есте қалғандардың бірін оқырманмен бөліскенді жөн көрдік.

Рахманберді Мейірбекұлының жас кезі болса керек, ата кәсіп- мал шаруашылығымен айналысып жүрген кезі. Қыстауы қазіргі Отырар ауданы, Қожатоғай ауылы маңында екен.Тәжірибесі аз деді ме, кім білсін, Рекеңнің еншісіне бір отар “изолятор” бұйырыпты. Бір күні жастықпен отарды қараусыз қалдырған көрінеді. Қырсыққанда жауын-шашын болып, бар мал жақын маңдағы “Қосқақ” деп аталып кеткен тұзды балшыққа батып қалады. Бұл жағдай совхоз басшылығына да жетеді. Дереу оқиға орнына жетіп келген басшылар шопанды айқайдың астына алады.

Жиналысқа саламыз, жазалаймыз дегенде үнемі ақ көйлек, ақ шалбар киіп жүретін Рахманберді бабамыздың айтқан уәжі төмендегідей болған екен:

- Басеке, өздеріңіз өңшең ауру-сырқау, ақсақ-тоқсақ малды жиып бердіңіздер. Мен де қарап отыра бермеймін ғой, көріп тұрғаныңыздай барлық малды тұзды балшыққа салып емдеп жатырмын, -деген екен. Сөз тапқанға қолқа жоқ.

Сол болған оқиғаны Алпыспай Боранбаев ағамыздай сатиралық өлеңмен жеткізіп көрейік.

 

Рахманберді бабамыз

Қалшылдап тұрған кезі екен,

Нақ Толағайдың өзі екен.

Атаның жолын жаңалап,

Шопандық қылып жүр екен.

Қырсыққанда сау отар да бұйырмай,

Амалсыз “изолятор” баққан жаз екен.

 

Күндердің күні болғанда,

Іші пысты ма?!

Ашу қысты ма?!

Әлде қалтаға тиын түсті ма?!

Білмедім, сабазың

Бір істі бастады,

Отарды тастады.

“Жеке шайтаны да”,

Рекеңді қостады.

Салып ап айқайды,

Қалаға қайқайды.

 

Қырсық шалып,

Жауын да мол болды,

Сай сала көл болды.

Айнала түгел шалшық,

Мүгедек қойлардың,

Үстінде жоқ бір талшық.

Жақын маңдағы Қосқақ.

Болды “Жанақорғанский” балшық.

 

Бұл жағдай

Завфермаға тез жетті.

Ол да көп күттірмеді-ей,

Барынша тездетті.

“Балқистың” тағындай,

Көзді ашып жұмғанша,

Водавозбен кеп жетті.

Жағдайды көрді көзімен,

Қуырды ащы сөзімен.

Рекең тұр шетте ойланып,

Сөйлесіп өзі-өзімен.

 

Басекеңнің

Ашуы аздап тарқайын деді,

Айқайлай беруге қорқайын деді.

Бас шопанға шүйлігіп,

Мен сені заңменен құртайын деді.

 

Бас шопан

Сабырлы қалпын бұзбады.

Ашуланып қызбады,

Аздап іші сыздады.

Шүйдесін алып қасылап,

Айтар сөзін тұздады.

Асып- саспады,

Ашуға баспады.

Тұздалған сөздерін,

Сабақтай бастады:

-Басеке тыңдаңыз!

Сабырлық сақтаңыз.

Датымды саралап,

Содан соң “соттаңыз”.

Бастық басын изеді,

- Ендеше, басеке, тыңда!

Ала бермей сынға,

Негізі, ғажайып сыр бар мұнда!

Ақың жоқ маған сенбеуге,

Дейсің ғой ақылың кемдеу де.

Біле білсең бар малың,

Арнайы медициналық емдеуде.

 

Берген малың,

Бірі -ақсақ,

Бірі -тоқсақ.

Бірі -соқыр,

Бірі -қотыр...

Бірінің бүйрегінде тасы бар,

Бірі “давления” көзінде мұңлы жасы бар.

 

Енді жақсылық орнайды,

Себеп сол - жоспармен арнайы.

Болашаққа жаңаша жол салдық,

Балшықпен емдеуді қолға алдық.

 

Қара да тұр!

Тәңірім мені қолдайды,

Шипасын өзі жолдайды.

Үміт гүлі солмайды,

Бір айға уақыт толмайды.

Отарда,

Бірде-бір “науқас” қалмайды.

 

Әй, сөз тапқанға қолқа жоқ!

Завферма

Амалсыз сөзге тоқтады,

Ашумен бір боқтады.

Мәселе шешілді,

Үкім кесілді.

“Толағайдан” изолятор жедел алынатын болды.

Есесіне емші шопанға,

Бір отар тоқты бағынатын болды.

 

 

Айнабек Сыдықов

Шымкент қаласы.

Айнабек СыдықовАйнабек Сыдықов
6 жыл бұрын 4950
0 пікір
Блог туралы