Қазіргі қоғамда еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін кітап оқудың керек екенін біледі, пайдалы екенін мойындайды. Әйткенмен, іс жүзінде жағдай мүлдем басқа. Статистикалық мәліметтерге жүгінейік, бір ғана мысал «Орта Азия жастары» әлеуметтік зерттеу авторларының айтуынша Қазақстан жастарының 78.6 пайызы өте аз немесе мүлдем кітап оқымайды екен. Иә, кітап оқудың пайдасы өте көп, бұл бір атан түйеге жүк болатын ауыр, таңды таңға ұрып айтатын ұзақ әңгіме, дегенмен, біз бүгін басқа қырларын кейінге қалдырып тек бір ғана пайдасын айтып өтейік. Ол білім арттыруда кітаптың маңыздылығы.
Ия адамның мүмкіншіліктері орасан зор екені даусыз. Көптеген ғалымдар, зертеулер нәтижесінде адам өз потенциялының шамамен тек он пайызын ғана қолданады деген ортақ пікірге тоқтаған. Шариғаттың тілімен айтсақ адам баласы ақылы мен білімін дұрыс жолда қолдану арқылы періштеден жоғары биіктерге шықса кері жағдайда шайтаннан да төмен шыңырауға түсіп кетеді екен. Білім адам баласы үшін ең алғашқы парыз десек қателеспейміз. Себебі Алланың адам баласына пайғамбарымымыз арқылы жеткен ең алғашқы үкімі «Оқы»(Аләқ, 96:1) екенін білеміз және бұл қайталана, нақтыланып бұйрық рай күйінде келіп тұрғанына куә боламыз. Мән беріп қарасақ намаз, зекет, қажылық секілді парыздардан бұрын оқу бұйырылып тұр. Егер біз негізгі парызды орындамасақ кейінгі парыздарымызда ақаулар пайда болуы мүмкін екенін ескеруіміз керек болып шығады.
Этнограф жазушы В.И.Даль “Тиыннан сомның құралатыны секілді білім де оқығанның түйірлерінен құралады”- деген екен. Кішкене кері шегініп көрейікші. Бесікте жатып ертегі тыңдадық, тарыдай болып мектеп табалдырығын аттаған-ақ әліппемен танысып кітаппен сусындадық. Таудай болып мектепті тәмәмдағанға дейін негізгі білімімізді кітаптардан үйрендік. Одан арғысы жоғарғы оқу орындарында да негізгі құрал кітап екені белгілі. Өз кәсібің мен тұлғалық дамуыңда да кітаптың алар орны зор. Қарап отырсақ адам баласымен бірге кітап тал бесіктен жер бесікке дейін қатар жүреді екен.
Абай хәкім:
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге- десе, Әлішер Науаи «Кітап — ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына» - деп зор мүмкіндікті пайдалуға үндейді. Сондықтан жасымыз да, кәрімізде мүмкіншілік тауып кітап оқуға тырысуымыз керек екен. М Фарадей айтпақшы «Тірлігіміз көбейген сайын, көбірек оқиық».
Осы орайда Ғабит Мүсірепов ағамыздың «Кітап дегеніміз — алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік»-
деген сөзіне мән берейікші. Яғни кітап оқу барысында адам ойланады, кітапты ойланбай оқу мүмкін емес. Бейнефильмдер мен аудио материалдар мұндай эфект бере алмайды. Ал ойдың сөзге, сөзің әдетіңе, әдетің мінезіңе айналады, ал мінез ол тағдырың дегенді Шәкәрім атамыз әлдеқашан айтып кеткен.
Абылай:
«Білек керек заманда,
Ешкімге есе бермедік.
Білімге сенген заманда,
Қапы қалып жүрмелік» деп толғанған екен. Қазіргі білектің емес білімнің заманында біліміз артып, білімді ұрпақ тәрбиелеуді нәсіп етсін баршамызға. Ал білімнің маңыздылығын хәзіреті Әлиден артық ешкім айта қоймас. Осы орайда әңгімемізге тұздық болсын, хз.Әлидің яхудилерге білімнің артықтығы жайында берген жауабын келтіре кетейік.
VII ғасырда өмір сүрген, мұсылмандардың алғашқы төрт халифасының бірі Хазіреті Әлидің ілімнің қақпасы аталып кеткенін сынау мақсатында жерлестері оған он адамды кезекпен жібермекші болыпты, олардың бәрі Хазіреті Әлиге бір сұрақ: «Білім артық па, байлық артық па?» -деп сұрайтын болып келіскен екен. Егер осы сұраққа он түрлі жауап берсе ғана халифаны мойындамақ болыпты. Сонда Хазіреті Әли сұрақтарға төмендегідей жауаптар берген екен:
1. Білім артық, өйткені ол пайғамбарлардың қалған мирас, байлық бақылдардан қалған мұра.
2. Білім сені бағады, байлықты сен бағасың, сондықтан да білім артық.
3. Білім артық, ол досыңды көбейтеді, байлық дұшпаныңды көбейтеді.
4. Білім іздей берсең көбейеді, оны жұмсағанмен азаймайды, байлық
5. Білім артық, оны ұрыдан сақтаудың керегі жоқ, ал жиған дүниеңді ұрылардан күнде қорғау керек.
6. Білімің көп болса сені құрметтейді, байлығың көп болса қызғанады, білімнің артық болатыны сол.
7. Білім артық, білімің көп болғанмен есеп-қисап жүргізбейсің, байлығыңа ұдайы есеп жүргізіп тұруың керек.
8. Білім қанша көп болса да іріп-шіріп бүлінбейді, дүние-малбүлінеді, сондықтан да білім артық.
9. Білім артық, ол жаныңды байытады, байлық жа дүниеңді шектейді, өзіңді тура жолдан тайдыруы мүмкін.
10. Білімді адам орнымен сөйлейді, мәдениеті артады, байлығы мол, бірақ білімсіз адам байлығына мастанып мақтанады, астамшылық көрсетеді, сондықтан білім артық, - деген екен.
Сыдықов Айнабек.
Шымкент.